Білім

Дарынды оқушылар марапатталды

Шығармашылық академиясында бір топ дарынды бала марапатталды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша республикалық пәндік олимпиаданың  және  жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары, сондай-ақ «Елбасы Медалі»  жобасының қола, күміс медаль иегерлеріне арналған шара салтанатты түрде өтті.

Жеңімпаздарға республикалық «Дарын» орталығының атынан диплом, медаль және бағалы сыйлықтар, сондай-ақ «Елбасы Медалі» төсбелгісі мен сертификаттар табыс етілді.

Басқосу барысында облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова,«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Жания Есенжолова дарынды оқушыларды жеңістерімен құттықтап, ақ тілек, жылы лебіз білдірді.

Шараның басты мақсаты —ел көлемінде өткен додада облыс намысын қорғаған, небір дарындылар қатысқан сайыста өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білген және азаматтық ұстаным мен патриоттық белсенділік танытқан балаларға қолдау көрсету, — деді Гүлжан Құлыбекова.

2022-2023  оқу  жылында жалпы  білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне біздің облыстан 73 бала қатысты(жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша — 39, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша — 34 оқушы). Олимпиада  қорытындысында    облыс  қоржынына  8 алтын, 9 күміс, 15 қола медаль түсті. Сондай-ақ 5 оқушы Мақтау қағазымен марапатталды.

Облысымыздың оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы да сәтті аяқталды. Нәтижесінде 45 қатысушының 27-сі  жүлделі орынға ие болды.

Айта кету керек, 2020 жылдан бастап 14-29 жас аралығындағы балалар мен жастарды қоғам мен мемлекет өміріне белсенді қатысуға тарту мақсатында «Елбасы Медалі» жобасы басталған болатын. Бұл жобада республика бойынша 20 мыңнан астам жас бақ сынаса, біздің облыстан 2800 жас талант  қатысты. «Елбасы медалі» бағдарламасы 3 деңгейді қамтиды: қола, күміс және алтын. Жобаның қатысушылары спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен туристік жорықтар, еңбек тәжірибесі сияқты жеті бағыт бойынша өз қабілеттерін дамытады. Нәтижесінде сыннан сүрінбей өткендер«Елбасы Медалі» белгісін алады.

Бүгінгі марапаттау шарасына 7 күміс және 32 қола медаль жүлдегерлері қатысты. Ал 230 жүлдегерді қалалық білім бөлімі, 115  жеңімпазды  аудан әкімдері марапаттайды.

Алғыр оқушыларымен дүбірлі додаларда талай мәрте топ жарған М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың білімді балалары бұл жолы да мектеп, облыс намысын лайықты қорғады.

Біздің лицей-интернат республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі бойынша 1-орын иеленді. Ең басты білім бәйгесінде мектебіміздің 5 оқушысы бақ сынап, нәтижесінде құқықтану негіздері пәнінен Даниал Әбдібек пен Махаббат Мұсабаева 2-орынға ие болып, күміс медальмен марапатталды. Екі дарынды баламыздың жетекшісі — тарих пәнінің мұғалімі, облыстың үздік педагогі Роза Алматова. Сонымен қатар қазақ тілі пен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық үздік педагог конкурсының жеңімпазы Гүлзат Жолаева екі балаға жетекшілік етіп, қорытындысында 11-сынып оқушылары Гүлназ Сегізбаева 3-орын,Нұрсәуле Нәбижанова мақтау қағазын алды.

Біздің балалар ғылыми жобалар байқауында да ерекше қабілетімен дараланды. Мысалы, өлкетану пәні бойынша география пәнінің мұғалімі, республикалық үздік педагог байқауының жеңімпазы Мейрамгүл Нұрбаева жетекшісі болған 10-сынып оқушылары Ақпейіл Сағи мен Ербол Ержан 2-орын иеленді. Сондай-ақ биология пәнінің мұғалімі, республикалық үздік педагог байқауының жеңімпазы Гүлназ Мыңжасарова жетекшісі болған Нұрбек Мақсетов 3-орын алды.

«Елбасы медалі» жобасына қатысқан оқушылардың көпшілігі біздің мектепке тиесілі. 20 оқушымыз марапатталды. Мектебімізде облыс, ел бойынша үздік педагогтердің үлесі де басым, — дейді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернат директорының орынбасары Ләззат Пангереева.

Айта кету керек, шараның  өтуіне облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйытқы болды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button